Бүгіннен бастап Қырғызстанға сертификатсыз, ПЦР-анализінсіз кіргендер экспресс-тесттен өтуі тиіс.
Республикалық коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі штабтың хабарлауынша, Қырғызстанға кіретін азаматтардың бәрінің COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғанын дәлелдейтін құжаты болуы тиіс. Не болмаса олар үш күндік мерзімі өтпеген ПЦР-анализін көрсетуі керек.
Мұндай ереже 12 жасқа дейінгі балаларға жүрмейді, бірақ олар елге ата-анасымен немесе заңды өкілімен кіруі тиіс.
ПЦР-анализ мерзімі өтіп кеткен азаматтар коронавирус бар-жоғын анықтайтын экспресс-тесттен өтеді.
Еске салайық, 11 ақпанда Қырғызстан билігі вакцина салдырғанын айғақтайтын сертификаты барларды ПЦР-тесттен өтуге міндеттейтін ережені алып тастады. Мұндай талапты Бішкек былтыр желтоқсанда омикрон штамының таралуына байланысты енгізген.
2021 жылғы шілдеде Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі 20 елдің вакцина туралы сертификатын мойындайтынын хабарлады. Олардың арасында Қазақстан да бар.