Қырғызстанда Азаттық сайтын бұғаттау мерзімі ұзартылды

Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің «Азаттық Медиа» сайтын бұғаттау жөніндегі шешімі күшінде қалды. Бұл туралы министрлік өкілі Салкын Сарногоева мәлімдеді.

Оның айтуынша, осыған дейін көрсетілген материал алынып тасталмайынша, сайт бұғатталған бойда қала береді.

Осыған дейін «Азаттық Медиа» мәдениет министрлігіне хат жазып, сайтты бұғаттау шешімін тоқтатуды сұраған. Хатта «мұндай шешім заңсыз және негізсіз екені, Бас заңға қайшы келетіні, БАҚ еркіндігіне кепілдік берілетін конституциялық талаптар бұзылып жатқаны» айтылған. Бірақ бұл шешім қанағаттандырылған емес.

Аталған министрлік «Азаттық Медиа» мекемесінің сайтын 26 қазанда екі айға жапқан.

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Джейми Флай Азаттық сенімді, шынайы ақпарат көзі екенін және оған кедергісіз жұмыс істеуге рұқсат берілуі керек екенін мәлімдеген.

31 қазанда «Азаттық Медиа» мекемесінің «Демирбанктағы» есеп-шоты бұғатталғаны белгілі болды.

15 қарашада қаржылық бақылау қызметі банк есеп-шоты не үшін бұғатталғанын мәлімдеп, «Азаттық Медиа» мекемесі «Қылмыстық қаржыны заңдастыруға қатысы бар адамдардың, топтардың және ұйымдардың тізіміне» енгізілгенін, бұған арнайы қызметтің хаты негіз болғанын жеткізген.

Қаржылық бақылау қызметі «Азаттық Медиа» бұл тізімге «Террорлық қызметті қаржыландыру және қылмыстық кірісті заңдастыруға қарсы күрес жөніндегі» заңның 14-бабы негізінде қозғалған қылмыстық істің аясында «қара тізімге» енгізілгенін мәлімдеген.

Бірақ тиісті органдар ол істің «Азаттық Медиаға» қандай байланысы барын түсіндірген емес.

Коммерциялық емес тәуелсіз Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде «Азаттык Медиа» деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстан мен әлемдегі қоғамдық өмірді және демократиялық құбылыстарды объективті түрде жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий