Қырғызстанда белсенді азаматтар президент Садыр Жапаровтан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев пен ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековті қызметтен алуды талап етті.
Әлеуметтік желілерде таралған мәлімдемеде оларды жауапқа тарту қажеттігі туралы айтылған. «Біз ҰҚМК мен ІІМ басшыларын тез арада қызметтен алуды талап етеміз. Олар азаматтардың ар-ұжданын аяққа таптап, Конституциядағы жеке өмірге тиіспеу құқығын өрескел бұзды», — делінген үндеуде.
Белсенділердің пікірінше, ІІМ және ҰҚМК басшылары журналистердің, оппозициядағы саясаткерлердің, белсенді азаматтардың жеке өмірін бақылауға алған. Үндеуге қол жинау әлі аяқталған жоқ. Оған Конституциялық палатаның бұрынғы судьясы Клара Сооронкулова, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы мүшесі Гүлнара Журабаева, адам құқықтарын қорғаушы Рита Қарасартова, заңгер Нұрбек Токтакунов және басқа да белсенді азаматтар қол қойды.
22 қаңтарда журналист әрі Temirov LIVE YouTube-арнасының негізін қалаушы Болот Теміров ұсталды. Оның кеңсесі тінтілді. ІІМ журналисті «заңсыз есірткі дайындады» деп айыптап отыр. Дәл осындай күдікпен ақын Болот Назаров та ұсталды. Ол Temirov LIVE арнасының журналистік зерттеулерін жырға қосқан. 23 қаңтарда кешке оларды ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты.
Осы аптада әлеуметтік желілерде Болот Теміров пен Болот Назаровқа қатысы бар аудио мен видео таралды. Күмәнді аккаунттар арқылы таралған бұл жазбалардың жасырын түсірілгенін байқауға болады.