25 наурызда Қырғызстанда халық санағы басталды. Алғаш рет электронды форматта ұйымдастырылатын науқан 3 сәуірде аяқталады. Республиканың шалғай аудандарында санақ 23 сәуірде басталып, 2 мамырда бітеді.
Президент Садыр Жапаров қырғызстандықтарды халық санағына белсенді түрде қатысуға үндеді.
«Осы мәліметтің негізінде ел дамуы, яғни оның болашағына қатысты бағыт анықталады. Бұл ақпарат Қырғыз Республикасының адами әлеуетінің қаншалықты екенін бағамдауға мүмкіндік береді», — деді президент.
Жапаровтың өзі де халық санағына қатысып, сауалнамадағы сұрақтарға жауап берді.
Бұған дейін хабарланғандай, халық санағын өткізуге 28 мың адам уақытша көмектеседі.
Қырғызстанда халық санағы 2020 жылы көктемде өтуі тиіс болған, бірақ коронавирус індетіне байланысты екі мәрте кейінге қалған. Республикада соңғы рет халық санағы 2009 жылы ұйымдастырылды. Сол кезде Қырғызстанда халық саны 5,3 млн болған.