Қырғызстанда казинолар қайта ашылмақ, бірақ тек шетелдіктер үшін (видео)

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ыстықкөл облысында құмарханаларды ашуға жол беретін заң жобасын қолдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысының ресми сайтында президенттің сөздері жарияланды:

«Құмарханалар Қырғызстан азаматтары үшін ашылмайды, шетелдіктер мен туристер үшін ғана ашылады. Заң жобасында қырғыз азаматтарының казиноларға кіруіне тыйым салынатыны жазылған. Туристер ақшасы Қырғызстанда қалса, жаман ба? Мұндай тәжірибе шетелде көп. Бірқатар популист депутаттар бұл заң жобасына қарсы «қара пиар» жасап жатыр».

Жогорку Кеңештің 21 сәуірдегі отырысында Ыстықкөл облысының аймағында казино орындарын ашуға рұқсат берілетін заң жобасы талас-тартыспен бірінші оқылымда қабылданды. Жобаны 68 депутат қолдап, 23-і қарсы дауыс берді.

Қырғызстанда құмар ойындарға 2011 жылы заңмен тыйым салынған. 2015 жылы тотализатор мен букмекерлердің жұмысы тоқтаған. Бірақ құмарханалардың заңсыз істеп жатқаны жиі айтылып келеді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий