Қырғызстанда заңсыз валюта айырбастайтын телеграм каналдарға айыппұл салынды. Бұл жөнінде Қырғызстанның Ұлттық банк төрағасының орынбасары Нұрбек Жеңиш мәлімдеді.
Оның сөзінше, Ұлттық банк заңсыз валюта айырбастайтындарға қарсы рейд жүргізген. Нәтижесінде 14 жеке тұлғаны анықтаған. Арасында телеграм канал жүргізетін адамдар да болған.
Ұлттық банк мәліметінше, шетел валютасына деген сұраныстың артуы көлеңкелі ақша айырбастау бизнесін арттырған. Қырғызстанда арнайы лицензиясы жоқ тұлғаларға мұндай кәсіппен шұғылдануға тыйым салынады. Жеке тұлғаларға 17,5 мың сом (200 доллар), заңды тұлғаларға 55 мың сом көлемінде айыппұл салынады.