Қырғызстанда босқын қабылдау, орналастыру және керек заттармен қамтамасыз етуді пысықтау оқулары басталды. Республиканың төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің хабарлауынша, азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесі 3 мыңнан астам босқын қабылдау жұмысын пысықтады.
Оқулар 19-20 қарашада өтеді. Жалал-Абад, Баткен және Ош облыстарында лагерлер тігіледі. Мұнда босқындарды күтіп алу мен орналастыру жұмыстарын үйретеді.
Оқуларға үш облыстың басшылары, министрліктер мен азаматтық қорғаныс қызметінің өкілдері қатысады.
Қырғызстан БҰҰ-ның босқын мәртебесі жөніндегі конвенциясына 1996 жылы қосылған.
Қырғыз үкіметі Тәжікстанмен шекарасын ашқанда елге Ауғанстаннан 1 мыңнан астам босқын келуі мүмкін деп болжап отыр.
Қырғызстан тәуелсіздік алған жылдары республика 20 мыңнан астам адамға босқын мәртебесін берді. Олардың дені — этникалық қырғыздар. 10 мыңға жуық босқын қырғыз азаматтығын алса, көбісі елге қайтқан. 1500 босқын Қырғызстаннан үшінші бір елге кеткен.