Қырғызстанның ақпарат министрлігі елде сөз бостандығы бар деп есептейді

Қырғызстанның Жогорку Кеңешінің әлеуметтік саясат комитеті 22 мамырда «Жалған ақпараттан қорғау жөніндегі» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Осы заңның негізінде былтыр қазан айында мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі «Азаттық Медиа» сайтын екі айға бұғаттау жөнінде шешім шығарды. 26 желтоқсанда шектеу мерзімі одан әрі ұзартылған.

Талқылау барысында мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Шыңғыс Есенгүл Қырғызстандағы сөз еркіндігі жайында пікірін білдірді.

«Сайттарды бұғаттау бойынша 22 арызға байланысты тек үш жағдай бойынша шешім қабылдадық, жетеуін әлеуметтік желілердегі ақпаратқа қатысты болғасын қарамадық. 5 ақпараттық сайт жалған ақпарат жариялағанын өздері мойындап, материалды сайтынан алып тастады. Бір адам жазған шағымын қайтарып алды, енді бірін бұғаттамадық, себебі, онда шынайы ақпарат жарияланған болып шықты», — деді министрдің орынбасары.

Ол сонымен бірге Қырғызстанда сөз бостандығы бар екенін, әр азамат БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы өзінің ойын ашық жеткізе алатынын білдірді.

«Жалған ақпараттан қорғау жөніндегі» заң 2021 жылы қабылданған. Бұл заңға сәйкес, жалған ақпарат танылды деген жағдайда, сот шешімінсіз сайт бұғатталады.

Бұл заң жобасы қаралып жатқан кезде, қоғам белсенділері сөз бостандығының аясын тарылтады деп қарсы болған.

2022 жылдың аяғында аталған заң жобасына өзгерістер енгізу жөнінде бір топ депутаттар ұсыныс жасап, оны қоғам талқысына шығарған.

Депутаттар 24 сағаттың ішінде сайтты бұғаттауы тиіс деген бапты алып тастап, оның орнына БАҚ редакциясына ақпараттың жалған, жалған емес екенін тексеруге үш күн мұрсат беруі тиіс деген өзгеріс енгізген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий