Қырғызстанның екі азаматының азапталғанына байланысты Қазақстан қылмыстық іс қозғады

Қырғызстан омбудсмен институты 14 ақпанда қырғыз азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанға барған сапарларының нәтижесі жайлы есеп берді.

Омбудсмен аппаратының жетекшісі Асқат Азарбековтің баспасөз жиыны кезінде «Кабар» ақпарат агенттігіне айтқан сөзіне қарағанда, олар Қазақстанның өкілетті органдарымен кездескен.

— Қазақстандағы кездесу барысында біз Қырғызстан азаматтарының қандай да бір тәртіпсіздікке немесе террор топтарға қатысы жоқ екенін тағы да ресми түрде мәлімдедік. Оқиға ортасында еңбек мигранттары жүрсе де оның өзі кездейсоқтық. Біздің ұстанымымызды Қазақстан да қолдады. Сыдықов пен Рузахуновтың азапталғаны жөнінде қылмыстық іс қозғалды. Олардың денсаулығына зақым келтіргендер әділетті жазаланады деп үміттенеміз. Тергеу ашық және әділетті өтеді деп бізді сендірді, — деді Азарбеков.

Қырғызстанның Омбудсмен институты мен Азаптаудың алдын алу ұлттық орталығының өкілдері 8 ақпанда Қазақстанға барған.

Азаптаудың алдын алу ұлттық орталығының директоры Бақыт Рысбековтің сөзінше қазақ жағы қырғыз азаматтарының азапталғанын теріске шығармаған.

Қазақстандағы Қаңтар қырғыны кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылған. Қырғызстанның екі азаматы қаза болған.

Ұсталғандар арасында Қырғызстанның белгілі музыканты Викрам Рузахунов та болған. Ол Қазақстанда қалай азап көргенін егжей-тегжейлі айтып берген.

Алматыда Чолпонбек Сыдықовты да қатыгездікпен ұрып-соққан. Қырғызстанға оралған соң оған операция жасалған. Дәрігерлер мәліметіне қарағанда, екі аяғы мен қабырғасы сынып, миы шайқалған.

Қазақстандық телеарналар 9 қаңтарда елдегі митингіге қатысқаны үшін ақша алды деп Қырғызстан азаматын көрсеткен еді. Сол күні Қырғызстан ІІМ Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рапил Жошыбаевқа осы жайтқа байланысты қарсылық нотасын тапсырғаны хабарланған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий