Қырғызстанның Тәжікстанмен шекаралас ауылынан 33 мың тұрғын көшірілді (видео)

Қырғыз-тәжік шекара маңындағы ауылдан 33 мың тұрғын көшірілді деп хабарлады Қырғызстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ализа Солтонбекова.

Оның сөзінше, қақтығыс кезінде 34 қырғыз азаматы қайтыс болған. Зардап шеккендер саны 180 шамасында. Біреуі өте ауыр жағдайда, алтауының жағдайы күрделі. Ондаған үй өртенген.

Қырғыз билігінің мәліметінше, көшірілгендердің 20 мыңы 18 жасқа толмаған балалар.

Оларды Баткен және Сүліктідегі қонақүй, шәйхана мен мектептерге орналастырып жатыр. Біразы туыстарының үйлеріне барған.

Тәжік билігі қақтығыс болған аймақтағы азаматтардың жағдайы туралы әзірге ресми ақпарат таратпады. Бірақ Азаттықтың тәжік қызметінің хабарлауынша, Ходжа Ало ауылында өртенген үйлер бар.

28 — 29 сәуірде Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында қарулы қақтығыс болды. Қырғызстан билігі 34 азаматының қайтыс болғанын хабарлады. Тәжік билігі ресми ақпарат бермеді. Бірақ Азаттықтың тәжік қызметі 15 адам қайтыс болды деп хабарлады.

Бірінші мамыр күні екі елдің Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылары Қырғызстанның Баткен облысында оқ атуды тоқтату жөнінде келісімге келген.

1

Жексенбі күні Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметі екі ел билігі шекараны делимитациялау және демаркациялау жөнінде келісімге келді деп хабарлады.

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының қашықтығы 970 шақырымды құрайды. Бүгінгі күнге дейін оның 504 шақырымы белгіленген. Шекаралас ауылдарда бір көшеде қырғыз азаматтары тұрса, келесі көшеде тәжік азаматтары тұрады. Мұнан бөлек қырғыз аумағында екі тәжік анклавы бар. Осы жерде жер, суға байланысты тұрғындар арасында жиі жанжал болып тұрады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий