«Қытай – Қырғызстан — Өзбекстан» теміржолының техникалық экономикалық негіздемесі дайын. Бұл ақпаратты Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қоғамдық телеарнаға берген сұқбатында айтты.
Қырғыз президентінің сөзінше, теміржолдың ТЭН-ін дайындауға Ресей 200 миллион рубль берген.
— Саяси шешім қабылданды. Сараптама топтары жұмыс істеп отыр. Қытай жағы келісім берді. Қытайға екі рет барғанымда осы мәселе бойынша келіссөз өткіздім. Ресей президентімен де келіссөз өтті,- деді Сооронбай Жээнбеков.
«Қытай – Қырғызстан, — Өзбекстан» теміржолын салу туралы бастама 2000 жылдардың басынан бері айтылып келгенімен, жүзеге аспаған. 2002 жылы Пекин болашақ теміржол тармағының ТЭН-ін жасап, бағытын анықтаған. Бұл бағыт бойынша теміржол Торугарт асуы арқылы Арпа жайлауынан өтіп, әрі қарай Өзген ауданынан Қара-Суу қаласына барып, сол жерден Өзбекстанға шығуы тиіс. Жалпы ұзындығы 268 км болады.
Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев билікке келген соң «Қытай – Қырғызстан — Өзбекстан» бағытының орнына «Тәжікстан – Қырғызстан – Қазақстан – Ресей» тармағын салуды ұсынған. Бұл идеяны ешкім қолдамаған соң Қырғызстан билігі «Қытай – Қырғызстан — Өзбекстан» жобасына қайта оралып, жаңа бағыт ұсынған.
2017 жылы үш жақты жұмыс тобы құрылып, темржолдың үш нұсқасы қарастырылғаны туралы ақпарат тараған.