Мәскеудің Қытайға тәуелділігі артқан уақытта Пекин Орталық Азияға қатысты жоспары көп екенін мәлімдеп отыр.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азия елдерінің басшыларын Наурыз мерекесімен құттықтап, оларды биыл мамыр айында «Қытай — Орталық Азия» саммитіне шақырған. Президент Си осы кездесулерден «үлкен» үміт күтетінін, жоспары «көп» екенін мәлімдеген.
Ресей Украинамен соғысып жатқан уақытта Қытай төрағасының Орталық Азия басшыларымен жаңа форматта кездесуіне сарапшылар назар аударды.
«Қытай басшысы мен Орталық Азия елдерінің басшылары саммиті өтетіні Қытайдың аймақ елдерін түрлі әдістермен өзіне тәуелді еткісі келетінін аңғартады. 2019 жылы Қытай жағы С+С5 (Қытай+Орталық Азия) механизмін іске қосқан. Бірақ ол дәстүрлі механизм болған, форумға сыртқы істер министрлері қатысқан. Енді мұндай кездесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылмақ», — дейді Қытай және Орталық Азияны зерттеу орталығының сарапшысы Руслан Ізімов.
Оның пікірінше, Пекин Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесінде тұрақсыздық болғанын қаламайды, Орталық Азия елдерінде тұрақтылық сақталғанына, қазіргі жүйелерді сақтауға күш салады.
Тәуелсіз саясаттанушы Парвиз Мулложанов Мәскеудің Пекинге экономикалық және саяси тәуелділігі артқан уақытта, Кремль Қытайдың Орталық Азияға ықпалы артуына кедергі жасауға тырыспайды деп есептейді. «Қытай аймақта әскери базасын ашқысы келетінін де ашық айтуы ғажап емес. Мәскеу келіседі, өйткені оның басқа амалы жоқ», — дейді сарапшы.
People’s Daily мәліметінше, 2020 жылдың аяғында Қытайдың Орталық Азиядағы инвестициясы шамамен 40 млрд доллар болған. Қытай инвестициясының 21,4 млрд доллары Қазақстанға құйылған. 2021 жылдың аяғында Орталық Азияда 7 мың 700 қытай фирмсы жұмыс істеген.
DoubleThink Lab тайвань ұйымы Қытайдың әлем елдеріне ықпалының рейтингін дайындаған. Онда Қырғызстан 8, Тәжікстан 9, Қазақстан 15, Өзбекстан 24, ал Түркіменстан 25-орында тұр.