20 маусымда Қытайдың Sinovac Research & Development Co. Ltd. компаниясының COVID-19-ға қарсы вакцинасының 300 мың дозасы Тәжікстанға жеткізілді.
Пекиннен ұшып келген чартерлік рейсті Душанбе халықаралық әуежайында тәжік шенеуніктері мен Қытайдың Тәжікстандағы елшісі күтіп алды.
Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, CoronaVac вакцинасының 300 мың дозасын Қытай билігі Тәжікстанға сыйлаған. Вакцина арнайы қоймаларда сақталады, жоспарға сай қолданылады, деп хабарлады министрлік.
Мәліметке қарағанда, чартерлік рейсті тәжік-қытай тау-кен компаниясы ұйымдастырған. Айта кетерлік жайт, Тәжікстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы әзірге жабық.
Пекиннің Тәжікстанға вакцина сыйлайтыны 1 наурызда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин телефонмен сөйлескен кезде мәлім болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы наурызда Тәжікстанға AstraZeneca вакцинасының 192 мың дозасын берген. Вакцина «COVAX» бағдарламасы аясында жеткізілді. 23 наурызда Тәжікстанда коронавирусқа қарсы вакциналау науқаны басталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пандемия басталғалы бері Тәжікстанда 13 308 адамның вирус жұқтырғаны анықталған, 90 науқас қайтыс болған. Дегенмен тәуелсіз дереккөздер коронавирусқа шалдыққандар саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп екенін айтты.