13 тамызда Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясындағы Уси қаласынан жүк пойызы Орталық Азияға жол тартты. Бұл туралы қытайдың «Жэньминь цзибао» газеті хабарлады.
Басылым мәліметінше, пойызға 30 млн юань (шамамен 4.4 млн доллар) тұратын 1000 тонна жүк тиелген. Оның ішінде тұрмыс техникасы мен автокөліктер де бар. Пойыз жиырма күннен соң Қазақстан мен Өзбекстанға жетеді.
«Жүк таситын жаңа темір жол бағытының ашылуы пандемия кезінде тауар экспорттауда қиыншылыққа тап болған кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ашады», — делінген басылымда.
Былтыр желтоқсан айында «Синьхуа» агенттігі қытайдың Шэньси ауданынан Қазақстан мен Өзбекстанға жүк пойызы жолға шыққанын хабарлаған.
Бұл уақытта, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы жобасын жүзеге асыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұның алдында Өзбекстан мен Қырғызстан президенттері осы жобаны қолдайтынын мәлімдеген.