Үкімет екпе алудан бас тартқан қызметкерлерге апта сайын ПТР тест тапсыруды міндеттемек

Қазақстанда қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер коронавирусқа қарсы вакцина алмаса, аптасы сайын ПТР тест тапсыруы тиіс. Бұл туралы 23 маусымдағы брифингте айтылды.

— [Екпе алмағандар] апта сайын ПТР тест тапсыруы керек. Тест ақысын жұмыс беруші я жұмысшының өзі төлейді. Мұны жұмыс беруші қарастырады, — деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Министрден «не үшін ПТР тест шығыны міндетті медициналық сақтандыру есебінен төленбейтінін» сұрағанда:

— Мемлекет вакцинация шығынын көтеріп алады. Екпе салдыруға болады. ПТР тест сізді коронавирустан қорғамайды, вакцина қорғайды. Сондықтан бұл жерде нақты таңдау керек, ауырғыңыз келмесе, мемлекет сізге тегін екпе салып береді. Егер азаматтар екпе салдырғысы келмесе, өз қалтасынан төлеп тест тапсыруды ойластыруы керек, — деп жауап берді.

Қазір Қазақстанда коронавирус тестін тапсыру минимум 7 мың теңге (шамамен 17 доллар) тұрады. Қызмет саласында істейтіндер екпе алмаса, тест тапсырғанға айына 28 мың теңге (шамамен 70 доллар) шығындайды.

22 мамырда коронавирусты тарауды тоқтату бойынша үкіметаралық комиссияның жиынында вице-премьер Ералы Тоғжанов бас санитарлық дәрігерге үндістандық «дельта» вариантының табылуына байланысты қосымша шара қабылдауды ұсынды.

Ұсынысқа сай, қызмет көрсету саласында істейтіндер, ірі кәсіпорындардың жұмысшылары екпе алмаса, ПТР тапсыруы тиіс.

22 маусымда Нұр-Сұлтанда, 23 маусымда Алматыда коронавирустың Үндістан штамы табылғаны хабарланды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий