«Ұлы Ресейді қайта тірілту»: Мәскеуде мигранттарды Украинадағы соғысқа шақырып жатыр

Ресей астанасындағы еңбек мигранттарын Украинадағы соғысқа қатысу үшін келісім-шартқа отыруға үндеп жатыр. Sota басылымы «Выхино» метросында таратылған парақшаны жариялады.

Басылым мәліметінше, метрода парақша таратқан ер азамат «жолаушылардан қай елдің азаматы екенін сұрап, көпшілік арасынан мигранттарды әдейі іздеген». Ол парақшада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің 18 бен 40 жас аралығындағы азаматтарын Ресей армиясына кіруге үгіттеген. Парақшада үміткердің кем дегенде тоғыз сыныптық білімі болуы, орыс тілін білуі шарт екені жазылған.

Ресей армиясында қызмет етудің артықшылығы ретінде «Украинадағы ұлтшылдармен ҰҚШҰ аясында бірге күресу», «баға жетпес әскери тәжірибе алу», «Ресей батыры атану мүмкіндігі», «Ресейдің рухы ұқсас екі халқы арасындағы байланысты еске түсіру, жандандыру», сонымен бірге «Ұлы Ресей мен Дос республикалар халықтарын қайта қалпына келтіруге тікелей атсалысу» деп көрсетілген.

Соғысты қолдамайтындар мен Украинаны жақтайтындар, сонымен бірге Ресей армиясына «кір келтіретін» роликтер немесе мәлімет таратқандар үміткер бола алмайды.

Бұның алдында Ресейдегі бірнеше құрылыс компаниясы Тәжікстаннан келген мигранттарды Мариуполь қаласын қалпына келтіруге қатысып, ақша табуға шақырған. Кейін сонда жұмысқа барған еңбек мигранттары уәде етілген жалақының жартысын ғана төлегенін айтқан.

Ресей Украинадағы соғысқа Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан тумаларын пайдаланып жатқаны да хабарланған.

Мәскеу қаласындағы Ресей ІІМ құрылымына кіретін «Сахаров» көші-қон орталығы Ресей армиясына қызмет ету жөніндегі жарнамасын қоғамдық көліктерге тәжік, өзбек және қырғыз тілдерінде ілген.

Бұның алдында Тәжікстанның, Өзбекстан мен Қырғызстанның Ресейдегі елшіліктері шетел аумағындағы әскери қимылдарға қатысу қылмысқа жататынын отандастарына ескерткен.

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді. Sota оны Ресейдің Украинамен соғысуына қатысы жоқ ұйым деп сипаттады. Александр Лукашенко Беларусь аумағын Ресей әскерінің өтуіне, уақытша топтасуына берген, сол жерлерден Украинаға соққы жасалған. Соған байланысты Беларусь пен оның билігіне қарсы санкциялар енгізілді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий