Әблязов полиция Франциядан 30 күн ішінде кетуді талап еткенін хабарлады

Қазақстанның қуғындағы оппозициялық саясаткері, қазір Францияда тұратын Мұхтар Әблязов полиция органдары 30 күн ішінде Франциядан кетуді талап еткенін хабарлады. Алайда оның сөзінше, сот тыңдауы белгіленгеніне байланысты Әблязовқа Франциядан кетуге тыйым салынған.

Әблязовтің сөзіне қарағанда, полиция Франция сотының желтоқсан айында шығарған шешіміне сілтеген. Ол кезде сот Франция берген саяси баспанадан айыру туралы шешімге келіспеген Мұхтар Әблязовтың апелляциялық шағымын қарап, қайтарып тастаған.

Әблязов Франция сотының шешімінің саяси астары бар және бұрын-соңды болмаған жағдай деп атады. Оның сөзінше, сот шешіміне «Қазақстанның тоқтаусыз қысымы» әсер еткен.

— Менен 30 күн ішінде Франциядан кетуді талап етті. Бірақ менде не паспорт, не виза жоқ. Бірақ диктаторлар режиміне қарағанда Батыс елдері сот жүйесі арқылы күресуге мүмкіндік береді. Иә, бұл жүйе де заңсыз шешім шығаруы мүмкін. Бірақ… ол шешіммен соттың келесі инстанциясы арқылы күресуге болады. Көп жыл күресіп, жеңіп жүргенім де соның арқасы! — деп Facebook парақшасына жазған Мұхтар Әблязов бұл шешімді де сотқа беретінін айтқан.

Әблязовтың айтуынша, Қазақстан қылмыстық іс қозғау туралы Франция сотына арыз түсірген, таяуда Францияда сот тыңдауы өтеді, сол себепті Франциядан шыға алмайды.

Әблязов өзіне қарсы «жаппай майдан ашылды» деп мәлімдеді. Ол «Украинамен соғыста Путинге көмектесіп отырған» Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның көмекшілеріне санкция салдыруға тырысатынын мәлімдеді.

Мұхтар Әблязов 1990 жылдардың ортасынан бастап Қазақстан үкіметінде жұмыс істеген. 2001 жылы «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болған.

2017 және 2018 жылдары Қазақстан соты Мұхтар Әблязовты 20 жылға сырттай соттаған. Қазақстан билігі оны «аса ірі көлемде ақша жымқырды, 2004 жылы бизнес-серіктесі Ержан Тәтішевке жасалған қастандықты ұйымдастырды» деп санайды. Әблязов тағылған айыптардың бәрін теріске шығарған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий