«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғайтын қор Қазақстан үкіметіне ашық хат жолдады.
Мәтін қордың сайтында жарияланды. Ашық хат елдің ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің атына жолданған.
Хат авторлары былтыр кем дегенде тоғыз қазақстандық БАҚ-қа Роскомнадзордан Украинадағы соғысқа байланысты материалды алып тастауды талап етілген хат келгенін назарға алады.
Қазір қазақстандық БАҚ Ресей тараптың талабын орындамағаны үшін сотқа шақырту алып жатыр.
«Қазақстан үкіметі БАҚ-тағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз етіп, Қазақстан Конституциясы кепілдік берген сөз бостандығын қорғауы тиіс», — делінген ашық хатта.
«Әділ сөз» қоры «Ресейдің мемлекеттік органдары қандай халықаралық міндеттемелерге сүйеніп, қазақстандық БАҚ пен журналистерді сотқа шақырады» деген сауалға үкіметтің жауап беруін талап етеді.
Осының алдында қазақстандық Arbat.media басылымы Украинадағы соғыс жайлы материалы үшін Ресейдің Владимир қаласындағы Ленин аудандық сотына шақырту алғанын мәлімдеген.
Сотқа арызданушы Ресей армиясының 19-әскери прокуратурасы, 56680 әскери бөлімшесі деп жазылған. Сот отырысы 17 ақпанға белгіленген.
Arbat.media басылымының жазуынша, шақырту қағазында «Роскомнадзордың Владимир облыстық басқармасы басылымның Украинадағы соғыс жайлы мақаласынан шындыққа сәйкес келмейтін және саяси мәндегі қоғамдық маңызды ақпарат жайлы жалған мәлімет барын анықтады» деп жазылған.
Аrbat.media порталының редакциясы өзіне тағылған айыптаулармен келіспейтінін жеткізді.
Роскомнадзордан Аrbat.media, «Власть», Informburo.kz, Ratel.kz, Newtimes.kz басылымдары Украинадағы соғысқа қатысты материалдарын өшіруді талап еткен хат алған.