«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының басшысы ауысты

Журналист Тамара Калеева сейсенбі күні «Әділ сөз» баспасөз қорғау қорының жетекшісі қызметінен кеткенін мәлімдеді.

Калеева қорды 1999 жылы құрылған кезден бері басқарған. Әр жылдары Қазақ радиосында, «Казахстанская правда» және «Аргументы и Факты — Казахстан» басылымдарында қызмет істеген. Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы міндетін уақытша атқарған, деп жазды ҚазТАГ агенттігі.

Сейсенбі күні ол Фейсбук парақшасында ендігәрі «Әділ сөзді» қазақстандық медиасарапшы Қарлығаш Жаманқұлова басқаратынын мәлімдеді. «Сөз бостандығына қатысты тілек-ескертулердің барлығын енді «Әділ сөздің» жаңа президенті Қарлығаш Жаманқұловаға бағыттаңыздар» деді Калеева.

Бұрын Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз хатшысы болған, саяси коммуникация саласында дәрежесі бар Жаманқұлова әзірге жаңа қызметіне байланысты пікір айтпады. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Жаманқұлова шетелдегі бірқатар ұйымдарда жұмыс істеген, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінде аймақтық медиа бойынша кеңесші қызметін де атқарған.

Қазақстандық баспасөз қорғау ұйымының басшылығы елде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы қабылданайын деген шақта ауысып отыр. Қыркүйекте жарияланған жобаның кейбір тұстарын сарапшыларсынаған.

Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымының жыл сайын жариялайтын «Баспасөз еркіндігі индексі» рейтінгісінде Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр. Қазақстан рейтингіде әлемде сөз бостандығы ахуалы күрделі елдердің бірі ретінде аталады.

«Әділ сөздің» қыркүйек айындағы есебінше, Қазақстанда қаңтар мен қыркүйек аралығында «Алматы» телеарнасы түсірілім тобының жүргізушісі Мұратхан Базарбаев Қаңтардағы шабуыл кезінде қаза болған, журналист, блогер, редакцияға жасалған ондаған шабуыл тіркелген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий