Әлемнің бірнеше елі бокстан Ташкентте өтетін әлем чемпионатына бойкот жариялады

АҚШ, Канада, Чехия, Ирландия және Швеция 1-14 мамыр аралығында бокстан Ташкентте өтетін әлем чемпионатына бойкот жариялады.

Өзбекстан астанасындағы бұл турнирге Ресей мен Беларусь спортшылары да қатысады. Бойкот жариялаған елдер аталған екі елді жарыстан шеттетуді талап етіп отыр.

8 ақпанда АҚШ бокс федерациясы ұйымның ресми сайтында америкалық команда бұл жарысқа бармайтыны туралы мәлімдеме жариялады. Құрама Штаттар федерациясы Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) Ресей мен Беларусь боксшыларына ұлттық рәміздерімен жарысқа қатысуға рұқсат беруін қолдамайды.

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты биыл 15-31 наурыз аралығында Нью-Делиде, ал ерлер арасындағы әлем біріншілігі 1-14 мамыр аралығында Ташкентте өтеді.

Өзбек астанасында өтетін турнирге Ресейдің «Газпром» компаниясы демеуші болады. Біріншіліктің сыйлық қоры 5,2 миллион доллар.

USA Boxing басшысы Майк Макэти Марракеште өткен турнирде ресейлік боксшылар ұлттық рәміздерімен қатысқанына назар аударған. Оның пікірінше, IBA Ресей мен Беларусь боксшыларын әлем чемпионатына жіберу арқылы «Халықаралық олимпиада комитетінің санкцияларын ғана емес, әділ әрі адал ойын қағидасын да бұзып отыр».

2023 жылғы 2 ақпанда Халықаралық олимпиада комитеті Ресей мен Беларусь спортшыларына қарсы 2022 жылы бекітілген санкциялар талқылауға жатпайтынын мәлімдеген.

Өзбекстан бокс федерациясы мен басқа да бокс ұйымдары әзірге бірнеше елдің бокстан әлем чемпионатына бойкот жариялауына байланысты ешқандай мәлімдеме таратпады.

2022 жылғы 4 наурызда IBA Ресей спортшыларына ұйым өткізетін халықаралық турнирлерге қатысуға тыйым салған, алайда 5 қазанда IBA Ресей мен Беларусь боксшыларына қарсы шектеулерді алып тастап, халықаралық турнирлерге ұлттық рәміздерімен қатысуға рұқсат берген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий