Әлеуметтік желідегілер БҰҰ-да сөйлеген Мирзияеваны түрмедегі Кәрімовамен салыстырды

23 наурызда Өзбекстан президентінің үлкен қызы Саида Мирзияева БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясында сөйледі.

Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстан атынан баяндама жасаған Мирзияева Арал теңізіне қатысты маңызды мәселелер көтерген. БҰҰ мінберінде сөйлеген соң Мирзияева әлеуметтік желілердегі парағында суреттер жариялап, Ақ үйде және АҚШ мемлекеттік департаментінде келіссөздер жүргізгенін хабарлаған.

Жергілікті баспасөз бен блогерлер тобы президент қызының БҰҰ мінберінде сөйлегенін «тарихи оқиға» деп сипаттаған.

Сөз соңында Саида Мирзияева ақын Ибраим Жүсіповтің Арал теңізі туралы қарақалпақ тіліндегі өлеңін оқыған. Бақылаушылар мұны былтыр жазда Нөкісте болған қанды оқиғамен байланыстырып отыр.

«Ол қарақалпақ дауын төрт шумақ өлеңмен жуып-шаймақ болды. Бұның бәрі — саяси ойын», — деп жазды әлеуметтік желі қолданушы Данияр Зияев.

Желі қолданушылар Саида Мирзияеваның үлкен мінберде ел атынан сөйлеу құқығына күмән келтірді. Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида президент әкімшілігіндегі бір бөлімді басқарады.

«Ол қандай құзыретпен сөз сөйледі? Өзбекстан президентінің үлкен қызы ретінде ма?» — деп жазды қоғамдық белсенді Фарида Шариф.

Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзияев келген соң оның үлкен қызы Саида Мирзияева халық алдына көп шығатын тұлғалардың біріне айналды. Ол өзін көпшілікке мәдениет пен өнер, сөз еркіндігін қорғаушы ретінде таныстырып жүр. Саида аймақтарға да, шетелге де жиі шығады. Мирзияева беделінің артуын жергілікті тұрғындар Гүлнара Кәрімованың тағдырымен жиі салыстырады. Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Кәрімовтің үлкен қызы да үлкен беделге ие болған, бірақ әкесі қайтыс болған соң қудалауға ұшырап, қазір түрмеде отыр.

Central Asia Due Diligence сараптама орталығының директоры Әлішер Ильхамов Саида Мирзияеваның халықаралық конференцияда сөйлеуін «непотизм» деп атады.

«Дүркіреген непотизм. БҰҰ-да Аралды құтқаруға өмірін арнаған маманды емес, президент қызын жіберіпті. Мемлекеттік қызметін жоғарылатуға алғышарт дайындап жатқан болар. Гулнараның жолын қайталай ма?» — деген сауал тастаған Әлішер Ильхамов.

Әлеуметтік желілердің өзбек сегментіндегілер Саидаға «Гүлнараның қателігінен сабақ алуға» кеңес берген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий