Әлия Назарбаеваның қатысы бар компания «иесіне» іздеу жарияланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Оператор-РОП» компаниясының бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға іздеу жариялады.

Ол 2017-2018 жылдары Экологиялық кодекс талаптарын бұза отырып, «өзіне дивиденд түрінде заңсыз төленген 920 миллион теңге утилизация алымын иеленген» деген күдікке ілінген.

Шынар Мұхтарованы қамауға алу жөнінде сот шешімі шыққан. Оның қайда екені туралы ақпарат үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 4 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде (12,2 миллион теңге) ақша беретінін хабарлаған.

Агенттік «Оператор РОП» компаниясының басшылығы мен аса ірі көлемде ақша жымқыру белгілері бойынша өзге де адамдарды тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Кейінгі жылдары Қазақстанда утилизациялық алымға қарсылық күшейе түскен. Қазақстан билігі бұл мәселеге Қаңтар оқиғасынан кейін ғана назар аударған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысы бар «Оператор РОП» компаниясының утилизациялық алым жинауын тоқтатуды тапсырған.

2015 жылы құрылған бұл компания тозығы жетіп, есептен шыққан автомобильдер мен өзге де техникаларды қайта өңдеу үшін төленетін утилизациялық алым жинауға кіріскен.

Қаңтар оқиғасынан кейін билік экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «Оператор РОП» басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев «жемқорлыққа қатысы бар» деген күдікпен қамауға алынғанын хабарлаған.

Қаңтар айының соңында «Оператор РОП» компаниясының құқықтық мәселе бойынша директоры Руслан Шәмшиевтің өлгені туралы хабар тараған.

Наурыз айында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Оператор РОП» компаниясының бұрынғы бас директоры Светлана Коротенконы «20 миллиардтан астам теңгені жымқырды» деген күдікпен қамауға алған.

Қаңтар оқиғасына кейін Қазақстан үкіметі утилизация алымын 50 пайызға азайтқан. Алайда белсенділер бұл шешімге қанағаттанбаған. Олар утилизациялық алымды 100 мың теңгеден асырмауды ұсынған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий