Книга «Место силы» Алии Назарбаевой в магазине в Алматы. 29 сентября 2021 года
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, кәсіпкер һәм кинопродюсер Әлия Назарбаева тырнақалды кітабында отандастарын мемлекетке алақан жаймауға шақырып, әкесін ұлықтап, шексіз бақыт туралы ой толғайды.
Кітап 219-беттен тұрады, мың данамен басылған. Алматыда карантинге байланысты халық көп жиналатын шаралар өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, 16 қыркүйекте Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында «Күш-қайрат мекені» кітабының тұсаукесері өткен. Кешті ресейлік әртіс Максим Галкин жүргізген. Шақырылған қонақтар арасында қазақстандық кәсіпкерлер, әртістер мен танымал тұлғалар болған.
41 жастағы Назарбаеваның «рухани білімі» жинақталған кітап 3800 теңге (шамамен 9 доллар) тұрады. Кітап орыс тілінде шыққан. Ұлт лидерінің қызы желтоқсанда тәуелсіздік күніне орай кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын басып шығаруды жоспарлап отырғанын айтқан.
Әлия Назарбаева өз кітабында әкесін қазақстандық Магниткада істеген қарапайым жұмысшыдан республика басшысы деңгейіне дейін көтерілген «селфмейд» тұлға етіп көрсетуге тырысады. Ол күйеуіне қолдау көрсетіп, оның күш-қуатын еселеп, сүйеніші болған анасын мақтауды да ұмытпаған. Назарбаева анасының мемлекет басшысының жалғыз сыншысы болғанын, әкесі оның ескертулеріне үнемі құлақ асып отырғанын айтады. Автор ата-анасының қарым-қатынасы туралы көбіне өткен шақта жазады.