Әзербайжан компаниясынан ақшасын ала алмаған кәсіпкерлер Ақтөбе әкімдігіне барды

Әзірбайжанның «СПИК Аккорд» компаниясынан 168 млн теңге қарызын ала алмай жүрген бір топ кәсіпкер 29 қарашада Ақтөбе облысының әкімдігіне барды. Наразылар биліктен Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауды талап етіп, облыс басшысы Оңдасын Оразалинмен кездестіруді сұрады.

Кәсіпкерлердің сөзінше, 2019 жылы Ақтөбе — Астрахань тас жолының 236-шақырымынан бастап реконструкция жасаған «СПИК Аккорд» компаниясына Байғанин ауданының тұрғындары түрлі техникаларын жалға берген.

Қазақстаннан жалпы құны тоғыз миллиард теңгенің тапсырысын алған «СПИК Аккорд» жұмысты толық аяқтамай, былтыр Әзірбайжанға кетіп қалған. Кейін Байғанин кәсіпкерлері шетел компаниясын сотқа берген. Бірақ екі жылдан бері қарызды өндіре алмай жүр.

-«СПИК Аккорд» компаниясы маған 40 млн теңге қарыз. Ақшамды қайтара алмай жүргеніме биыл үшінші жыл. Қазақстанда жеке кәсіпкерді қорғайтын ешкім жоқ екен. Мемлекеттік органдар «бұл екі компания арасындағы келісімшарт» деп бас ауыртқылары келмейді. Біз шетелдіктерге мемлекет сенген соң сендік,- дейді жеке кәсіпкер Ерлан Есқазиев.

Наразылардың сөзінше, Әзірбайжан компаниясы Байғанин ауданында тұратын 35 кәсіпкерге берешек. Қарыз сомасы әрқилы. Бір миллионнан 40 миллион теңгеге дейін жетеді.

Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауды талап етіп, әкімдікке келген жиырма шақты кәсіпкермен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Ақтөбедегі өкілдері кездесті.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе филиалының мәліметінше, Ақтөбе — Астрахань тас жолының 236-275- шақырымы аралығын реконструкциялау құны тоғыз млрд теңгеге бағаланған. Әзірбайжанның «СПИК Аккорд» компаниясы бұл қаржының 7,5 млрд теңгесін ғана игерген. Аяқталмай қалған жолды қазір өзге мердігер жөндеп жатыр.

— Сот шешімді жергілікті кәсіпкерлердің пайдасына шығарды. Бірақ қарыздарын өндіріп алатындай Ақтөбеде «СПИК Аккорд» компаниясының не өкілі , не мүлкі жоқ. Негізі, бұл екі компания арасындағы келісімшарт. Әйтсе де бұл даумен қазір Қазақстанның индустрия министрлігі, елшілік айналысып жатыр. Іс арбитраж сотқа кетті, -дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Айбол Данағұл.

Азаттық «СПИК Аккорд» компаниясы өкілдерімен байланыса алмады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақтөбе филиалының мәліметінше, Әзірбайжан компаниясы Ақтөбе ғана емес, Алматы, Қызылорда облыстарында да автокөлік жолдарын салған.

Кәсіпкерлер бұған дейін «ҚазАвтоЖол» компаниясының Ақтөбедегі өкілдеріне бірнеше рет келіп, шағым айтқан. Олар енді бұл дауға облыс әкімдігі араласуы керек деп санайды. Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың сөзінше, екі кәсіпкер арасындағы келісімшартқа атқарушы билік араласа алмайды. Бірақ әкімдік «ҚазАвтоЖол» компаниясына талап қойып, құзырлы органдарға хат жолдаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий