Өнер соғысқа қарсы: қазақстандық суретшілер Украинаны қолдау үшін туындыларын сатуға шығарды

Қазақстандық белгілі суретшілер Алматыда украиндарды қолдау үшін қайырымдылық көрмесін өткізді. Жұмыстарды сатудан түскен ақшаның бәрі Қазақстандағы Украина елшілігіне жіберілмек.

Көрме Украинаға көмектің түрлі шарасы ұйымдастырылған арт-кеңістікте өтіп жатыр. Мұнда Рашид Нұрекеев, Сәуле Сүлейменова, Қуаныш Базарғалиев, Асхат Ахмедияров, Зоя Фалькова, Ақмарал Жиенғалиева сынды қазақстандық белгілі суретшілердің туындылары қойылған. Арасында қазір Харьковта тұратын украин суретшісі Александр Обединнің жұмыстары да бар. Келушілер 23 наурызға дейін жұмыстарды тамашалап, ұнағанын сатып ала алады.

Суретші Асхат Ахмедияров көрмеге Қазақстан тарихындағы қайшылыққа толы оқиғалардың бірі – қазақтардың нацистік Германия жағында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы тақырыбына арналған туындыларын қойған. Суретші деректі фотоларды пайдаланып, оны күлдің көмегімен күйдіреді. Нәтижесінде аса бір үрейлі картина шығады.

— Осы тақырыпты ашып көрейін дедім, себебі ол қазіргі заманмен де астасып жатыр, — дейді Асхат Ахмедияров. — Қазір Тоқаев Украинамен соғысып жатқан Путинді байқатпай қолдап отыр деген сөз көп айтылады. Қазақстанның әскери техникасы Ресей шекарасына апарылыпты деген сөзді де естиміз. Осыған қатты қобалжимын. Суреттерімдегі әскери тақырып, яғни «Түркістан легионы» қазіргі саяси ахуалмен, озбыр әрі фашистікке ұқсайтын Ресеймен астасып жатыр.

Көрмені ұйымдастыру туралы идеяны алдымен Ақмарал Жиенғалиева көтерген.

Көрмедегі туындылардың бағасы әркелкі: 30 мыңнан миллион теңгеге дейін жетеді.

Көрмедегі фуршеттің де тақырыбы бар: ол қазақ пен украинның достығына арналған. Бір үстелде бауырсақ, қазы мен жал, ал екіншісінде үстелге ішімдік пен бутерброд қойылды.

Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға басып кірді. БҰҰ мәліметі бойынша, содан бері Украинада 900-ге тарта бейбіт тұрғын қаза болды, олардың 100-ден астамы – бала. Бірақ өлгендер бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий