Өзбек-қырғыз шекарасындағы «Дустлик» бекетінен күнде 17 мыңнан астам адам өтеді

Өзбекстан 10 маусымда елге кірушілерге ковид шектеулерінің бәрін алып тастады. Содан бері өзбек-қырғыз шекарасындағы «Дустлик/Достук» бақылау-өткізу бекетінде бір күнде 17 мыңнан астам адам өтетін болды.

Қырғызстан Шекара қызметі өкілінің айтуынша, бұрындары Қара-Суу базарына сейсенбі мен бейсенбі күндері адам көп келетін, бұл күндері шекарадан 15 мың адам өтетін. Аптаның қалған күндері шекарадан өтушілер саны әлдеқайда аз болатын.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің журналисі 14 маусымда «Дустлик/Достук» бақылау-өткізу бекетінде болып, шекарадағы жағдайды күні бойы бақылады.

Шекарадан өтушілер арасында екі топ ерекше көзге түседі — Қара-Суу базарына тауар алуға келген саудагерлер мен жүк тасушылар. Жүкті шекарадан алып өтушілердің дені — әйел.

Шекарашылардың айтуынша, кейде кезек көбейіп кеткен уақытта мұнда адамдар жанжалдасып, тіпті төбелесіп те қалады.

Кеден салығын төлегісі келмеген кәсіпкерлер жүк алып өтуші әйелдерді жалдайды. Бағасына келіскен кәсіпкер жүк тасушыны суретке түсіріп, оны шекараның келесі бетіндегі адамға жолдайды. Бір әйел шекарадан шамамен 25 келіге дейін жүк алып өтеді. Жүк тасушы әйелдер шекарадан күніне бір мәрте, пысықтары екі мәрте тауар алып өтеді.

Олар негізінен өзбек-қырғыз шекарасынан киім, кейде тұрмыс техникасын өткізіп береді. Жүк тасушы әйелдердің айтуынша, жақында олар шекарадан қант алып өтпек болған, бірақ қырғыз шекарашылары оған тыйым салған.

Өзбекстандағы жүк тасушы әйелдер күніне орташа есеппен 15-20 доллар табады. Олардың кейбірі мұндай жұмысқа кішкентай балаларын алып шығуға мәжбүр. Олар төлқұжатын жылына екі мәрте ауыстырады, өйткені құжаттағы мөр басатын орын тез толып қалады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий