Өзбекстан азаматтарының Ресейде тіркеусіз жүру мерзімі бір аптадан 15 күнге дейін созылады. Ресейліктер де Өзбекстанда дәл осындай ережемен жүре алады.
Жергілікті ақпарат құралдарының парламенттің төменгі палатасына сілтеме жасап хабарлауынша, Ресейдің мемлекеттік думасы Ресейде жүріп-тұру тәртібін жеңілдету жөнінде Өзбекстан үкіметімен жасалған келісімді мақұлдады.
Құжатта Өзбекстан азаматтары Ресейге кірген уақыттан бастап 15 күн тіркеусіз жүруге болатыны, ресейліктер де Өзбекстанда жарты ай тіркеусіз жүріп-тұра алатыны айтылған. Заң парламентте мақұлданған соң Федерация кеңесіне (парламенттің жоғары палатасы), сосын президентке жолданады.
Екі елдің үкіметтері бұл келісімге 2021 жылғы 21 мамырда Мәскеуде және 2021 жылғы 17 маусымда Ташкентте қол қойған.
Дәл осындай заң ережесі Беларусь, Қазақстан, Тәжікстан, Армения және Қырғызстан, сонымен бірге аталған мемлекеттерге келген ресейліктерге жүреді.