Өзбекстанда Ресейдің 30-дан астам «путиншіл» әртістері қатысады делінген музыкалық фестиваль өтпейтін болды. Бұның алдында шараға Әзербайжан мен Қазақстан рұқсат бермеген.
Өзбек компаниясы 20-21 мамыр күндері Ташкентте өтеді делінген «Жара» фестиваліне билет сатыла бастағанын 3 сәуірде жариялаған.
«Өкінішке қарай, әлемдегі қазіргі жағдай ауқымды музыкалық шара өткізуге қолайлы болмай тұр», — деп хабарлады iTicket.
Компания фестивальді «елдер мен ұрпақтарды біріктіретін мереке» деп сипаттаған. Ал сыншылар болса оны «Z-батальон», «путиншілдер бандасы» деп айдарлап, фестиваль Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің Украинадағы соғысын насихаттайтын платформаға айналғанын атап өткен.
Бұның алдында фестиваль кейінге шегерілуі мүмкін деген сыбыс тараған, алайда полиция өкілі AFP агенттігіне шара «ішкі істер министрлігінің жарлығымен өтпейтін болды» деп хабарлаған. Дерекөз фестиваль соғысты қолдаған ресейлік музыканттарға байланысты өтпей қалғанын растады.
Шараны ұйымдастырушылар «Жара» фестивалін наурызда Алматыда өткізбек болған, кейін Ташкенттегі «Жаңа Өзбекстан» саябағына ауыстырған.
«Ұйымдастырушылар русофобия салдарынан шара өтетін орынды ауыстыруға мәжбүр: Алматыда 9-12 наурызда ашық аспан астында өтуі тиіс болған «Жара» фестивалі Ташкентке ауыстырылды. Бұған қазақстандық әлеуметтік желілердегі белсенді русофобия себеп болды», — деп мәлімдеген концерт ұйымдастырушылар.
Ресейдің «Жара» фестивалін Қазақстанда өткізу жоспарына жергілікті белсенділер кедергі жасады. Әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде осы фестивальға қарсы ауқымды наразылық акциясы жүрді. Қазақстандық желі қолданушылардың дені путиншіл әртістердің концертін өткізу «Украинадағы соғысты қолдау» дегенді білдіреді деп санайды.
Былтыр Әзербайжан да дәл осындай себеппен осы фестивальді өткізуден бас тартқан.
«Жараның» астанада ұйымдастырылуына әлеуметтік желілердегі өзбекстандықтар да қарсы шықты.
Айта кетерлігі, өзбек олигархтарының салтанатты кештерге ресейлік әншілер мен әртістерді шақыру дәстүрі баяғыдан бар. Былтыр Ташкенттегі фестивальға Кремль үгіт-насихатын жүргізуге белсенді түрде араласып, Қырым аннексиясын қолдаған ресейлік режиссер Никита Михалков арнайы қонақ ретінде қатысқан.