Халықаралық Cotton Campaign коалициясы өзбек мақтасына жарияланған бойкот аяқталғанын хабарлады.
Ұйымның ресми сайтында жарияланған хабарламада мұндай шешім «Адам құқықтары жөніндегі өзбек форумының» есебі негізінде қабылданғаны айтылды. Есепте 2021 жылы Өзбекстанда мақта жинау науқаны кезінде мәжбүрлі еңбек аз болғаны баяндалған.
2009 жылы Cotton Campaign коалициясы бала еңбегі мен мәжбүрлі еңбекке қарсы шығып, әлемдік қауымдастықты өзбек мақтасына бойкот жариялауға шақырған. Сол кезде Adidas, Zara, C&A, Gap Inc., H&M, Levi Strauss & Co., Tesco және Walmart секілді ірі 331 бренд Cotton Campaign үндеуін қолдаған.
Алайда шаруалар Өзбекстанда мәжбүрлі еңбек түпкілікті жойылып кеткегенін айтып отыр. Бұрын мақтаны мемлекеттік секторда істейтіндерге мәжбүрлеп тергізсе, енді жекеменшік сектордағылар мәжбүрлі еңбектің азабын тартып жүр. Оқушылар мен студенттер бұрынғыдай мақта теруге тартылмайды, бірақ шенеуніктер мақта теру науқаны кезінде шаруаларды басқаратын болған.
Халықаралық бақылаушылар Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзияев келгелі бері мәжбүрлі еңбекті ұйымдастырушы мемлекет бұл саладан кетіп, мақта экспорты жекеменшікке — кластерлерге берілгенін мойындайды.
Жергілікті шаруалар жерді басып алғанына, мақта жинаушылардың еңбегі уақытылы төленбейтініне шағымданып жүр. Олар еңбек құқықтары жиі бұзылатынын да айтты.
Ташкент облысындағы бір шаруаның пікірінше, мәжбүрлі еңбек жойылған жоқ, бар болғаны түр-сипатын өзгерткен.
– Бойкот бала еңбегіне қарсы жарияланған. Енді бойкот аяқталды. Бірақ бала еңбегі мен мәжбүрлі еңбекті пайдалану жойылған жоқ. Ауыл балалары әлі күнге дейін амалсыз мақта теруге шығады. Ауыл тұрғындары мен балалар жекеменшік секторға тәуелді болып қалды. Ауыл балалары арасында күніне 100 кг мақта жинайтындары да бар, – дейді шаруа.