«Өзбекстан президенті лауазымына кандидаттар арасында бәсеке жоқ, олар бетпе-бет дебат өткізбейді», делінген Өзбекстанға президент сайлауын бақылауға келген ЕҚЫҰ миссиясының аралық есебінде.
Құжатта ұйымның Өзбекстанда журналистер мен блогерлерді қорқытып, оларды қудалап жатқаны туралы шағымдар алғаны, бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін шектейтін заңдар қабылданғаны, сонымен бірге бірнеше БАҚ пен адам құқықтарын қорғайтын ұйымдардың сайттары бұғатталғаны айтылған.
Өткен айда ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары мен демократиялық институттар жөніндегі бюросы Өзбекстанға 26 елдің өкілдері кірген бақылаушылар миссиясын жіберді. Оны Оуен Мерфи басқарады.
Президент сайлауына жіберілген өзбек оппозициясы ЕҚЫҰ миссиясының Өзбекстанға келуіне қатысты түрлі пікірлер айтып жатыр.
«Хакикат ва Тараккиёт» («Ақиқат пен Даму») социал-демократиялық партиясының басшысы профессор Хидирназар Аллакулов ұйым есебін құптады.
– Бір сөзбен айтқанда, ЕҚЫҰ Өзбекстандағы президент сайлауын толыққанды сайлауға жатқызбайды. Сайлау әділ өтпейтіні басында-ақ мәлім болған, — дейді Хидирназар Аллакулов.
2019 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев оппозицияға қарсы емес екенін, бірақ ол ел ішінде пайда болу керектігін мәлімдеген. Алайда республиканың әділет министрлігі бір де бір жаңа саяси партияны тіркемей отыр.