Өзбекстан мәдениет және туризм министрінің орынбасары Бахадыр Ахмедов әскери пропагандамен айналысып жүрген ресейлік әртістердің елде концерт беруге ұмтылысына қатысты пікірін айтып, «шектеулер көп болуы мүмкін, бірақ өнер — шекарасыз сала» деп мәлімдеген.
Kun.uz басылымы министрдің орынбасарынан: «Өзбек билігі Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымы бейтарап екенін айтады, бірақ неге Z-әртістердің концерттері мәселесіне келгенде бейтараптық танытпайды?» деп сұраған. Сауалға жауап берген шенеунік концерттерді ұйымдастырудың «бірқатар елдердің бір-бірімен қарым-қатынасына еш қатысы жоқ» деп жауап берген.
Маусым айында ресейлік әнші Ташкентте 23 қазанда концерт беретінін естіген өзбекстандық белсенділер оған тыйым салуды талап етті, ал блогер Мирзо Зомини #LepsKerakmas (#ЛепсКерекемес) хештегімен науқан бастады. Блогер әнші Лепс Украинадағы соғысты қолдайтынын алға тартқан.
Бұның алдында ресейлік әншілер Григорий Лепс пен Николай Басков Украина қарулы күштерінің танктерін жойған адамға бір миллион рубль сыйақы тағайындағанын айтқан. Өзбек блогері Өзбекстан ресейлік содырларды көтермелеу үшін ақша жинайтын орын емес деп жазған.
Министрдің орынбасары Ахмедов блогердің осы бастамасы туралы: «Кім ақшасын қайда жұмсайтынына қатысты әңгімелерден, қаңқу сөздерден алшақ болуымыз керек» деп мәлімдеген.
Журналист өткен айда көрші Қазақстанда Лепс концертіне тыйым салғанын еске салған уақытта, Ахмедов: «Ол — көршілердің саясаты, солардың өз әлемі. Олар өз сөзіне, біз өзімізге жауап береміз» деп жауап берген.
Өткен аптада Өзбекстанда ресейлік әнші Ирина Дубцованың концерті өтпейтіні мәлім болды. Содан кейін әлеуметтік желілерде Григорий Лепстің Ташкенттегі концерті де өтпейді деген әңгіме тарады, бірақ ол өтірік болып шықты — Лепс концертіне билет әлі сатылып жатыр.