Өзбекстанның көршілес Ауғанстанмен шекарасына жақын орналасқан оннан астам ауылда төлқұжат бақылауы күшейтілді.
Ауғанстанның Өзбекстанмен шекаралас аудандарын тәліптердің қолына өткен. 23, 26 және 27 маусым күндері 53, 3 және 44 ауған сарбазы тәліптер бақылауындағы Балх провинциясының Шуртепа аудынан Өзбекстан аумағына қашып кірді.
Өзбекстандағы Музрабад ауданы әкімдігінің бір өкілінің айтуынша, Сұрқандария облысының Ауғанстанмен шекаралас оннан астам елді мекенінде төлқұжат бақылауы күшейтілген. Термез қаласы мен Музрабад ауданындағы жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүрген.
Музрабад ауданында тұратын имамның айтуынша, жергілікті шенеуніктер, әскер қызметкерлері мен имамдар Ауғанстандағы тәліптердің қаншалықты қауіпті екенін тұрғындарға түсіндірген.
Сұрқандария облысының Музрабад ауданындағы Юсуф Жамалов атындағы махалла Әмудария өзенінің сол жағалауында орналасқан. Өзеннің арғы беті — Ауғанстан.
«Тәліптер өзеннің арғы бетіндегі ауылды басып алғанын білеміз. Арғы бетті соғыс басталғанына 30-40 жыл болды. Ол жақтан бізге оқ даусы естілмейді. Біз жақта бейбітшілік, әркім өз шаруасымен жүр. Шекараны мұқият күзетеді. 1990-жылдардың басында тынышсыз болған. Шекараны сол кезде жапқан. Сарбаздар күзетеді. Жақын барған адамдарды бірден ұстайды», — дейді шекарадағы махалла тұрғыны.
Маусым айының басында тәліптер Ауғанстанның солтүстік аудандарына дендеп кірді. Ай аяғындағы он күнде тәліптер Өзбекстанмен шекаралас бес аудан орталығын басып алды. 23 маусымнан бастап ауған үкіметінің жауынгерлері Өзбекстан аумағына қашып кіре бастады. Хабарларға қарағанда, Құндыз провинциясындағы үкімет әскерлері тәліптерден қашып, көршілес Тәжікстан аумағына бірнеше мәрте кірген.
Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі ел аумағына қашып кірген ауған жауынгерлерінің тез арада елге қайтуын талап етті. Ташкент көрші елдегі қақтығысқа қатысты мәселеде бейтарап саясат ұстанып отыр. Душанбе болса тәліптерден қашқан ауғандарды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
«Талибан» қозғалысының шабуылдары күшейгеніне қарамастан, АҚШ Ауғанстандағы әскерін 11 қыркүйекке дейін шығару жоспарынан бас тартпайтынын хабарлады.