Өзбекстан ОСК: Сайлаушылардың 90 пайыздан астамы конституциялық өзгерісті қолдады

Өзбекстандағы референдумның алдын ала қорытындысы бойынша конституциялық өзгерістер қабылданды. Ресми Ташкенттің 1 мамырда таратқан алдын ала қорытынды бойынша, дауыс беруге келгендердің 90,21 пайызы Шавкат Мирзияевтің билігін созатын конституциялық өзгерістерді қолдаған.

Өзгеріске сай, елде президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға ұзарып, Мирзияев 2040 жылға дейін билікке отыруға жол ашылмақ. Оның 2026 жылы аяқталатын президенттік мерзімі қысқарып, ол қайтадан екі рет сайлауға түсуге мүмкіндік алмақ.

Мирзияев Конституцияны өзгерту туралы ұсынысты 2021 жылы желтоқсанда жасаған. Жаңа Конституцияда Өзбекстан әлеуметтік, құқықтық және зайырлы ел деп көрсетілген. Бұрынғы Конституцияда мұндай түсініктер болмаған еді. Бұған қоса, сенаттағы депутат саны 100-ден 65-ке қысқарады. Жаңа Конституцияда мемлекет халықты ең төменгі жалақымен, баспанамен, медициналық көмекпен және интернетпен қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ сарапшылар Мирзияев Конституцияны өзгерту арқылы билігін күшейтпек деп санайды.

Ташкент бұл референдумды былтыр өткізбек болған. Бірақ Қарақалпақстанда жұрт Конституциядағы бір пунктіге қарсы наразылыққа шыққан еді. Өзбекстан билігі жаңа Конституцияда Қарақалпақстанды автономды республика статусынан айырып, Өзбекстан құрамынан шығуға тыйым салмақ болған.

2022 жылы шілдеде Қарақалпақстан астанасы Нүкісте мыңдаған адам наразылыққа шығып, 18 адам қаза тапқан. 240 адам зардап шегіп, 500 адам ұсталған. Осы наразылықтан соң Мирзияев Қарақалпақстанның автономды республика статусын сақтап қалуды ұсынған еді.

65 жастағы Мирзияев билікке 2016 жылы, елдің сол кездегі президенті Ислам Каримов қайтыс болған соң келген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий