14 қарашада Өзбекстан парламенті қырғыз-өзбек шекарасы және Кемпірабад су қоймасын бірлесіп басқару жөніндегі заң жобасын ратификациялады.
Отырыс толықтай парламенттің YouTube каналынан көрсетілді. Құжатты үш бірдей оқылымда 100-ден астам депутат қолдап дауыс берді. Заң жобасын елдің премьер-министрі Абдулла Арипов таныстырды.
«Келіссөздер ұзақ жүрді. Шекара мұқият өлшенді, үкіметаралық комиссия отырысы бірнеше рет өтті. Біз бұл келісімге бес жыл уақыт жібердік. Соңында 302 шақырым жердің келісілмеген 35 учаскесі бойынша бір шешімге келдік. Бұл құжаттың біраз проблемаларды шешетін стратегиялық маңызы бар», — деді Арипов.
3 қарашада Бішкекте Өзбекстан және Қырғызстан сыртқы істер министрлері қырғыз-өзбек шекарасының жекелеген уыаскелері бойынша және Кемпірабад су қоймасын бірлесіп басқару бойынша келісімге қол қойған.
12 қарашада бұл құжат Жогорку Кеңешке түскен. Қырғыз депутаттары заң жобасын 15 қарашада қарайды.
Екі ел арасындағы келісімге сәйкес, Кемпірабад су қоймасы маңында орналасқан 4485 гектар жер Өзбекстанға өтеді, тиісінде Ош және Жалалабад облысындағы 18 мың гектар жер Қырғызстанға тиесілі болады. Бұған сәйкес қырғыз жері 15 мың 806 гектар жерге кеңейеді.
Алайда Қырғызстанның белсенді тобы Кемпірабад су қоймасы маңындағы жерлердің Өзбекстанға өтуіне қарсы болып, арнайы комиссия құрған. Көп өтпей комиссияға мүше болған 26 адамның бәрі қамауға алынды.