Өзбекстан Ресей газын Қазақстан арқылы алдыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр

Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәлімдеуінше, Ресей газын Өзбекстанға Қазақстан аумағы арқылы тасуға болады. Үкімет жиналысынан кейін журналистер сауалдарына жауап берген министр осылай деп айтты.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қазір Ресей газын Өзбекстанға жеткізу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. «Келіссөздер сәтті өтіп жатыр», дейді Сәтқалиев.

2022 жылы Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен уақытта Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасында «үштік газ одағын» құрғысы келетінін айтқан.

2022 жылғы 7 желтоқсанда Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдов Ташкент «саяси ұстанымды ешқашан газға алмастырмайды» деп мәлімдеген. Министрдің айтуынша, Ресейден газ жеткізу альянс құру дегенді білдірмейді.

Алайда 2023 жылғы сәуірде Самарқанға келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей, Өзбекстан және Қазақстан арасындағы газ одағын құру жөніндегі талқылау ілгері жылжыды деп мәлімдеген.

Азаттықтың Өзбек қызметі бұның алдында Өзбекстандағы энергетика дағдарыс туралы көптеген репортаж дайындап, өзбек газы шетелге офшордағы компаниялар арқылы «тиынға» сатылғаны туралы журналистік зерттеу жүргізген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий