Өзбекстан Ресейге тауарын экспорттап беруге уәде бермеді

Өзбекстанның инвестиция және сыртқы сауда министрлігі Мәскеуге Ресей тауарларын экспортқа шығару үшін алымсыз дәліз ұсынған жоқ. Ресейлік БАҚ-тың бұлай деп жазуы негізсіз. Осылай деп аталған министрлік хабар таратты.

Осының алдында ресейлік РИА Новости ақпарат агенттігі аталған өзбекстандық мекеме жанындағы шетел инвестициясын тарту жөніндегі агенттік төрағасы Ұлықбек Касимходжаевтың Ташкент Мәскеуге тауарларын экспорттау үшін алымсыз дәліз ұсынады-мыс деген пікірін жариялаған.

«Ұ. Касимходжаев бұл министрлікте жақында ғана жұмысын бастады. Ол әлі «GSP+» жүйесі жайында толыққанды білмейді. Бұл мәселеге жауап беру оның құзырында емес», — делінген министрлік таратқан мәліметте. Осыған байланысты министрлік Ұ. Касимходжаевтың пікірі Өзбекстанның ресми ұстанымы емес деп мәлімдейді.

2021 жылдың сәуір айынан бастап Өзбекстан Еуропалық одақтың GSP+ жүйесінің қатысушысы болған. Бұл жүйе бойынша Өзбекстан Еуропаға 3 000 түрлі өнімді алымсыз, 3 200 түрлі өнімді жеңілдетілген салықпен экспорттай алады.

Биыл 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен бері Батыс елдері, халықаралық қауымдастық Ресеймен барлық салада қарым-қатынасын үзді. Осыған байланысты Ресей тауарларын Еуропаға экспорттай алмайды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий