Сұрхандария облысында үйлену тойы кезінде қалыңдығына қол көтерген жігіт жазадан құтылып кетті. Келіншегі арыз жазбағандықтан, сот оны әкімшілік жазаға тартпады. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.
Жігіт кешірім сұрап, екінші рет мұндай жағдай қайталанбайды деп уәде берген. Қыздың анасы күйеу баласы кешірім сұрағанын растады.
«Эмоциямды баса алмадым. Қол көтеріп жібердім. Келіспеушілік шешілді. Той әрі қарай жалғасты. Кешірім сұрадым. Мұндай жағдай екінші рет қайталанбайды»,- деген жігіт.
Ақпаратқа қарағанда, қыз бен жігіт некеге тұру үшін азаматтық хәл-актілерін тіркеу мекемесіне 10 мамырда арыз жазған, бірақ неке туралы куәлікті 15 маусымда, үйлену тойы өткен соң алған.
Видеода жігіт қол көтергеннен кейін, жанына келген әйел қыздың анасы екені белгілі болды. Қыздың анасы құда жақ кешірім сұрағаннан кейін барып, той қайта жалғасқанын айтты. Той өткен соң, анасы қызына телефон соғып, жағдайын сұрағанын, қызы бәрі жақсы деп жауап бергенін айтқан.
Аудандық ішкі істер бөлімшесі “ұсақ бұзақылық” бабы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Бірақ әйелі арыз жазбағандықтан, күйеу жігітке жаза қолданбаған.
Бұл видео шетелдік БАҚ-та да көтеріліп, көпшілік ашуын туғызған.