Өзбекстанда ең ірі көлік компаниясының мемлекеттік үлесі Мирзияев күйеу баласының әріптесіне сатылды

Өзбекстанда «Орта Азия Транс» компаниясы мемлекеттік акцияларының 51 пайызы Hyper Partners компаниясына сатылды.

Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі агенттік мәліметінше, мемлекеттік үлес 65 миллиард сумға (шамамен 5 млн 665 мың доллар) сатылды.

Ресми мәлімет бойынша, Hyper Partners компаниясы тендер жеңімпазы деп танылған.

Келісім шарттарына қарағанда, Hyper Partners «Орта Азия Транс» қызметін әрі қарай жалғастырады, сонымен бірге Еуропа, Қытай және Орталық Азия елдері бағыттарындағы көлік-логистикалық қызметін жетілдіре түседі. Бұған қоса жаңа кеден терминалы мен көп қабатты паркинг салады.

Hyper Partners компаниясына Хабибула Әбдуқадырдың қатысы бар. Оның есімі Азаттық радиосының Өзбек қызметі, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу жөніндегі орталық (OCCRP), сонымен бірге Kloop және «Власть» басылымдарымен бірге жүргізген журналистік зерттеуде аталды.

Зерттеуде Әбдуқадыр желісі Орталық Азиядағы жемқор кеденшілердің сөз байласуымен құрылғаны, оның алып империясы заңсыз жолмен келген жүздеген миллиондаған долларды шетелге шығарумен айналысқаны айтылған. Мұндай мәліметті оның әріптесі Айеркен Саймаити берген. Әбдуқадырға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қолдау көрсеткені мәлім. Әбдуқадыр желісінде дәл осы Hyper Partners компаниясы маңызды рөл атқарғаны анықталды.

Журналистік зерттеу барысында Өзбекстанда Әбдуқадыр отбасын президент Шавкат Мирзияевтің күйеу баласы Отабек Умаров құпия түрде бүркемелеп келгені анықталды. Отабек президент қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік қызмет жетекшісінің бірінші орынбасары қызметін атқарады.

«Орта Азия Транс» көлік компаниясы 1993 жылы құрылған, Өзбекстандағы ең ірі мемлекеттік көлік-логистика компаниясы. Дәл осы компанияға импорт пен экспорт тасымалдауға қатысты ерекше мәртебе берілген.

Hyper Partners компаниясы 2018 жылғы шілдеде құрылған. Жаңа компания құрыла салысымен оған Өзбекстан тарихындағы ең қымбат жоба – Tashkent City құрылысын сеніп тапсырған.

Әбдуқадыр отбасының жемқорлық пен қылмыс жолмен келген ақшаны заңдастыруға қатысы бары туралы журналистік зерттеу екі ай бұрын жарияланған. Алайда Өзбекстан үкіметі ол зерттеуге ешқандай реакция білдірген жоқ.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий