Өзбекстанда еңбекпен қамту министрлігінің баспасөз хатшысы ұсталды

Өзбекстанда еңбекпен қамту және кедейшілікті қысқарту министрлігінің (бұрынғы еңбекпен қамту және еңбек қатынастары министрлігі) баспасөз хатшысы Мавжуда Мирзаева ұсталды. Бұл жөнінде «Газете.uz» басылымына оның қызы Зарина Мирзаева хабарлаған.

Оның сөзінше, жұма күні анасы таңертең жұмысына кеткен, бірақ жолда оны құқық қорғау органдарының өкілдері тоқтатып, тергеу изоляторына алып кеткен.

«Үш күн болды, телефоны сөніп тұр. Мені анаммен кездестірмейді. Адвокатпен де кездестірмей жатыр. Анамды не үшін ұстағанын білмеймін. Оның денсаулығына алаңдаймын», — деген Зарина Мирзаева.

Мавжуда Мирзаев соңғы рет Telegram каналына 27 қаңтарда жазба қалдырған екен.

Ол осыған дейін мемлекеттік Yoshlar және «Өзбекстан 24» арналарында жұмыс істеді. Human.uz сайтында да мақалалары жарияланып тұрды.

Kun.uz мәліметінше, журналисті Kompromatuzb деп аталатын Telegram каналындағы материалға қатысты ұстауы мүмкін. Ол қазір он күнге қамауға алынған екен.

27 қаңтарда Human.uz сайты директоры Хуршид Далиев пен бас редакторы Муслим Мирзажоновтың ұсталғанын хабарлаған. Қазір редакция мен журналистердің үйінде тінту жүргізіп жатқан көрінеді.

Кейін Ұлттық ақпарат агенттігінің директоры, заңгер әрі блогер Хушнудбек Худайбердиев журналистерді Human.uz сайтының редакторлары ретінде емес, Kompromatuzb каналының иелері ретінде ұстағанын жазды. Олар адамдарды бопсалады деген күдікке ілінген.

Сол күні Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Human.uz сайтының директоры Хуршид Далиев пен Kompromatuzb каналына қатысы бар өзге адамдардың ұсталғанын хабарлады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий