Өзбекстанда бұған дейін екі жыл қатарынан қыс маусымында энергетика дағдарысы болған, биыл одан да ауыр болғалы тұр.
Президент сайлауы қарсаңында электр жарығын жеткізу біршама тұрақталғандай еді, енді аймақтарда жарық жиі сөніп қалып жатыр.
Шамамен 1 триллион текше метр табиғи газ қоры бар Өзбекстан халқы биылғы қысқа көмір, отын мен тезек жинап жатыр.
Сұрқандария облысы Ангор ауданының 32 жастағы тұрғыны Дилоромның айтуынша, президент сайлауы аяқталған соң аймақта жарық жиі сөнетін болған.
– Сайлауға дейін жарық болды. Енді тәулігіне 10-12 сағат қана беріледі. Газ жоқ. Мақта сабағын жағып отырмыз. Бақшадағы қураған ағаштардың бәрін отап бітірдік. Мақта сабағының бір көлігі 1,5 миллион сум (шамамен 150 доллар) тұрады. Көмірге ақша жоқ, – дейді ол.
Ферғаналық блогер Дима Каюмның айтуынша, суық түскен уақытта Өзбекстанда пеш саудасы қызады.
– Биыл темір пештер ғана емес, электр пештерге сұраныс жоғары. Табиғи газ тапшы болғандықтан, халық газ баллондарын қолданып отыр. Сол себепті олар пеш сатып алады. Аймақта ағаш кесуге тыйым салынғандықтан, отын қымбаттап кетті, – дейді Дима Каюм.
Блогердің пікірінше, Өзбекстанда тезек өндірісін қолға алған жөн.
– Ата-бабаларымыз тезек жаққан. Бұдан ұялудың қажеті жоқ. Қайта біз тезек өндірісіне инновациялық технология қолдануымыз керек. Басқа амал жоқ. Көмір таусылады, отын таусылады, ал биоотын сарқылмайды. Күн қуатына, немесе тезекке көшкен жөн, – деп есептейді Каюм.
Өзбекстанның энергетика министрлігі Мирзияевтің Жаңа Өзбекстанында энергетика мәселесі Каримов дәуіріне қарағанда әлдеқайда жақсы деп есептейді.
Алайда Өзбекстан тұтынушылары құқықтарын қорғау федерациясының өкілі министрлік мәлімдемесін «нонсенс» деп атады. Федерация елдегі энергетика дағдарысы туралы есеп дайындап жатыр. Есеп жақында баспасөзде жарияланады.