Өзбекстанда конституциялық референдумда мерзімінен бұрын дауыс беру басталды

Өзбекстанда 19 сәуірде Конституцияның жаңа нұсқасы жөніндегі референдумда мерзімінен бұрын дауыс беру басталды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бұл процесс 26 сәуірде аяқталады. Ал жалпыұлттық референдум 30 сәуірде өтеді.

Референдум күні тұрғылықты мекенде түрлі себептермен бола алмайтын азаматтар жеті күн бойы алдын ала дауыс бере алады.

Сарапшылардың пікірінше, сайлаушылар референдумда жаңа Конституцияны қолдамайды дегенге сену өте қиын. Құжат қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің билік басында 2040 жылға дейін қалуына мүмкіндік береді.

Референдум қарсаңында елдің барлық өңірлерінде «Конституция сенікі, менікі, бәріміздікі» деген ұранмен мерекелік шаралар өтіп жатыр. Әлеуметтік желілерде «маған бәрібір емес» хэштегімен үгіт-насихат ұйымдастырылды.

Конституцияның парламент мақұлдаған жаңа нұсқасы 15 наурызда Өзбекстан мемлекеттік ақпарат құралдарында жарияланды.

Жаңа Конституцияның 106-бабында президент мерзімі 5 жылдан 7 жылға созылатыны айтылған. Құжатта бір президент қатарынан екі мәрте мемлекет басшысы қызметін атқара алмайтыны жазылған.

Елдің ата заңының Қарақалпақстанға қатысты 85-90-баптары өзгертілген жоқ. 2022 жылғы шілдеде дәл осы баптар конституциялық заң жобасынан түсіп қалуына байланысты Нөкісте баскөтерулер болып, билік оны күшпен басқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий