Хакерский рисунок на взломанном правительственном сервере Узбекистана
Өзбекстанда 20 мамырдан бастап мемлекеттік органдар мен ұйымдарда істейтін қызметкерлерге анонимайзерлер мен VPN-сервистер қолдануға тыйым салынды. Интернет қолданушылар мұндай қызметтерді әдетте бұғатталған сайттарды ашу үшін пайдаланады.
Мұндау шектеуді Қауіпсіздік кеңесі құрған жұмыс тобы 14 мамырда қабылдаған.
Мәліметті Ақпараттық технологиялар орталығының қызметкері растады. Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелердің барлығына жаңадан қабылданған шешімге қатысты мәлімет жолданған.
24 мамырда үкіметтің ӨзА ақпарат агенттігінің журналистері кеңседегі компьютерлермен YouTube-ке және шетел сайттарына VPN көмегімен кіре алмаған.
IT-орталықта істейтін бір шенеуніктің хабарлауынша, осы айда үкіметтің бірқатар порталы бұзылып, сайттардың бірінші бетінде бомба табу ойыны пайда болған.
Орталық өкілі кибершабуыл болғанын, соған байланысты жаңа қорғаныс жүйесі орнатылғанын айтқан.
Үкімет сайттарын «бұзған адамды» танитын өзбек хакерінің айтуынша, порталдарға ойын орнатушы серверлердің қаншалықты осал екенін көрсеткісі келген.
«Шабуылды жасаған «Мамараимның» кім екенін білем, бірақ оны айтпаймын. Неге дейсіз бе? Бұзу — заңға қайшы. Бірақ мемлекеттік порталдарды қорғаусыз қалдыру қылмыс емес пе?» — дейді өзбек хакері.
Оның айтуынша, биыл өзбек хакерлері «қызық үшін» үкімет порталдарын бірнеше мәрте бұзған.
2019 жылы ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир Өзбекстан үкіметін БАҚ-ты бұғаттауды доғаруға шақырған. Алайда Өзбекстанда Азат Еуропа/Азаттық радиосының (RFE/RL) сайтын VPN көмегімен ғана оқуға болады.