Сәуір айында Қоқан пединститутының студент қыздары жатақханадағы бөлмеге жасырын камера орнатылғанын біліп, оны журналистерге хабарлаған. Институттың бұрынғы проректорына 4,5 млн сум, тағы үш бұрынғы қызметкерге 3 млн сумнан айыппұл салынды, деп хабарлады Газета.уз.
Сот Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтының бұрынғы төрт қызметкеріне жасырын камераға қатысты іс бойынша шешім шығарды.
Өзбекстан Жоғарғы соты баспасөз хатшысы Әзіз Абидовтың хабарлауынша, жоғары оқу орнының рухани ағарту ісі жөніндегі проректоры Ойбек Бозоровқа 4,5 млн сум (шамамен 400 доллар) айыппұл салынды. Институттың тағы үш қызметкері кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсына 3 млн сумнан айыппұл салынды.
Еске салайық, пединститут қыздары жатақханадағы бөлмеге жасырын камера орнатылғанын біліп, оны мамандарға көрсеткен. Камераға қыздардың киім ауыстырғаны да түсіп қалған.
Институт проректоры Ойбек Бозоров студент қыздардың милицияға шағымданғанына ашуланса, ректор Дилноза Хожаева оларды оқу орны мүлкін бүлдірді деп айыптаған.
5 сәуірде жоғары білім жөніндегі министрлік проектор мен тағы үш қызметкерді жұмыстан шығарғанын хабарлаған.