Өзбекстанда үйлену тойы кезінде күйеу жігіттің қалыңдығының басынан ұрған видео әлеуметтік желілерде ғана емес, әлемдік БАҚ-та кең тарап кетті.
Бұл жөнінде Bild секілді неміс басылымы, Daily Mail секілді британ басылымы және JTBC корей каналы көрсетті.
Өзбекстанның отбасы және әйелдер ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, үйлену тойы 6 маусымда Сұрхандария облысының Узун ауданында күйеу жігіттің үйінде өткен. Той кезінде жастарға арнап, кәмпит қағазын тез ашу байқауын ұйымдастырған. Видеода көрсетілгендей, қалыңдық бірінші болып кәмпиттердің қағазын ашқан. Бұған ызаланған күйеу жігіт келіншегінің басынан ұрады.
Gaзета.uz басылымының хабарлауынша, Узун ауданы ішкі істер басқармасы бұл оқиғаны тергеп, жастармен және ата-аналарымен «профилактикалық әңгіме» жүргізген. Күйеу жігітке қарсы «ұсақ бұзақылық» бабымен әкімшілік іс қозғап, айыппұл салған.
Құқық қорғаушы, блогер Акида Ханумның сөзінше, бұл оқиға тек Өзбекстан қоғамындағы жағдайдың беті ғана.
«Күйеу жігіт көлік базарында жүк тасушы болып жұмыс істейді екен. Оның ағалары бар. Олар да сол көлік базарында жұмыс істейді. Бәрі видеодағы жігіт жайлы жақсы пікір қалдырыпты. «Ол өмірде салмақты, қарапайым» деп. «Қазір олар бақытты тұрып жатыр» деп те пікір қалдырыпты. Әлеуметтік желілерде видеоны көріп, бұл оқиғадан кейін қалыңдық кетуі керек деген пікірлер де жазылды. Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын. Өзбекстанда өкінішке қарай, әйелін ұру үйреншікті жағдай болып кеткен. Мұндай оқиғаға қоғам қарсы тұруы керек», — дейді құқық қорғаушы Акида Ханум.