Жыл басынан бері жанармай 72 пайызға қымбаттаған Өзбекстанда екі аптадан бері отын тапшылығы қатты сезіліп жатыр.
Әлеуметтік желілерде таралған «Кезегіміз жетті-ау!» деп аталатын видеодан жанармай құю бекеттерінің бірінде кезегі жеткен көлік жүргізушілердің балаша қуанғанын көруге болады.
«Кезекке кеше тұрғанбыз, кезегіміз бүгін жетті», – дейді видеоны түсіріп тұрған жігіт. Ал кезекте әлі ондаған автокөлік тұр. Олар метан газын құйдырғысы келеді.
Метан ғана емес, бензин кезегінде тұрғандар да көп.
– Кеше мен бензин кезегінде 2,5 сағат тұрдым. АИ-80 маркалы бензинді 8800 сумнан сатып алдым. «Жаңа Өзбекстанда» осындай жағдай болып жатыр. Бір жыл бұрын бензин 4 мың сум тұратын, – дейді ташкенттік көлік жүргізушілердің бірі.
2020 жылғы 1 мамырда Өзбекстан АИ-80 бензині мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеуді алып тастады. Содан бері бензин бағасы көтеріле берді.
Өзбекстан монополиямен күрес жөніндегі комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері АИ-80 маркалы бензин 72,1 пайызға қымбаттаған.