Ресей 14 маусымнан бастап Өзбекстан азаматтарына темір жолмен елге кіруге салынған шектеуді алып тастайды. Ресейдің коронавирустың алдын алу жөніндегі шұғыл штабы осындай шешім қабылдады, деп хабарлады жергілікті үкімет.
«14 маусымнан бастап «Ташкент — Самара» және «Ташкент — Волгоград» бағыттарында қатынайтын жолаушы пойыздарына аптасына бір мәрте жүруге рұқсат берілді», — делінген ресми хабарламада.
Осы күннен бастап Ресей әуе және теңіз арқылы келетін шетел азаматтарына елге кіруге салынған шектеуді алып тастайды. Мұндай тыйым 2020 жылғы наурызда күшіне енген.
Былтыр сәуірде Ресей Өзбекстанмен әуе қатынасын қалпына келтіріп, өзбек студенттері мен кейбір салалардағы еңбек мигранттарына елге кіруге рұқсат берген.
Былтыр жазда Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Әріпов Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустинге екі ел арасындағы әуе рейстері санын көбейтуді, темір жол қатынасын біртін қалпына келтіруді ұсынған.