15 ақпанда Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнай газ өндіретін бес басқармасының жұмысшылары жұмысқа шықпай, қаладағы автобекет алдында жиналды. Олар билікке саяси және әлеуметтік талаптар қойып тұр.
Мұнайшылар жалақыдан бөлек, биліктен Қаңтардағы бейбіт митингке қатысушыларды азаптамай, дереу босатуды талап етеді. Ортаға шығып сөйлегендердің бірі — 2011 жылғы мұнайшылар ереуілі жетекшілерінің бірі Оразбай Тұрсынбай.
— Жаңаөзеннен басталған бейбіт жиын Қазақстанның өзге аймақтарында қайғылы оқиғаға ұласқанына қапалымыз. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Қамауда отырғандар террорист емес, оларды азаптамауды, босатуды талап етеміз! Биліктен саяси реформа жасауды талап еттік. Бірақ ауыс-түйіспен алдаусыратып, бұрынғы ескі-құсқыларын ұсынып отыр. Бізге жаңа өзгеріс керек,- деді Оразбай Тұрсынбай.
«Өзенмұнайгаз» компаниясының өзге бөлімшелерінің жұмысшылары да талап қойды.
Топтық қондырғы операторлары компания 12 сағат жұмыс істетіп, 11 сағаттың ақшасын төлеп келгенін айтты. Олар жұмыс берушіге 11 талап айтты. Наразылар «жұмысты 12 сағаттық режимге өткізіп, вахталық режим қосу, жеке слесарь бірлігін енгізіп, операторлар жалақысын 50% көтеруді» талап етті. Операторлар оны заңды түрде кәсіподақпен шешуге ұмтылғанын, бірақ нәтиже шықпағанын айтты.
Осындай талапты «Өзенмұнайгаз» электриктері мен дәнекершілері де қойды. Олар өздерінің еңбегінсіз мұнай өндірісінде жұмыс жүрмейтінін, соған қарамастан ең төменгі жалақы алып жүргендерін айтты.
«Жеті күндік вахта, жалақыны мұнайшылармен теңестіріп, 50% көтеруді сұраймыз» деді электриктер. Ал дәнекерлеушілер жаңа құрал-жабдық алуды, жеті күндік вахта енгізіп, айлық көтеруді, денсаулыққа залалды кәсіп жұмыс үшін үстеме ақы төлеуді, басқа да қосалқы жұмыс сағаттарын төлеуді, аутсорсингтегі дәнекерлешілер разрядын көтеріп, оларды штатқа өткізуді талап еткен.
Дүйсенбі күні кеште 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін құрылған «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» (БЖБ) мұнайшылары жұмыстарын толық тоқтатқан. Бұл туралы Азаттыққа осы мекеменің мұнайшысы Нұрымбет Алланазаров айтты. Оның сөзінше, бұған дейін «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мұнайшылардың жалақысының инфляцияға байланысты 15% көтерілетінін хабарлағанымен, әлі күнге орындалмаған.
Алданазаров бұған қоса, тәуелсіз экономистер мұнайшылар жалақысын зерттеп, осы уақытта жалақының 41% көтерілуге тиістігін есептеп бергенін, соны талап етіп тұрғандарын мәлімдеді.
Азаттық тілшісі «Өзенмұнайгаз» компаниясына қоңырау шалған еді. «Өзенмұнайгаз» бас директоры Есен Өтеевтің көмекшісі Талғат Жалмұханбетов компанияның баспасөз қызметімен сөйлесуді ұсынды. Бірақ «Өзенмұнайгаз» компаниясынң қоғаммен байланыс департаменті басшысы Әділ Сүйеубайдың мобильді телефоны өшіп тұрды.
Маңғыстау облысындағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы аймақтағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игереді. Компания құрамына кіретін 16 өндірістік құрылымдық бөлімшеде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Маңғыстау өңірінде жұмыс беруді талап еткен, жалақыны көтеруді сұраған наразылық ақпанның басынан бері жалғасып жатыр. Қазір Жаңаөзенде тағы үш мекеме жұмысты тоқтатып ереуілдеп тұр. Кейбірі наразылықтан соң талаптарын орындатқан.