1 миллион 700 мың гектар жер аукцион арқылы ел азаматтарына сатылмақ

Жер дауының аяқ асты ушығуын үкімет түсінбей дал. Себебі, ауыл шаруашылығына арналған жер шетелдіктерге бір жарым жылдан бері 25 жылға жалға беріліп келеді екен.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Мәселен, шетелдіктер Ақмола облысында 8 мың, Қарағандының төңірегіндегі 3 мың гектар жерге ақысын төлеп, уақытша егін егуде. Ресейліктер солтүстікте картоп, ал қырғыздар оңтүстікте көкөніс өсіріп, сатып жатыр. Заң бойынша, өзге елдің азаматтары егін, мал бағуға арналға учаскелерді жеке меншігіне мүлдем өткізе алмайды деп сендіреді шенеуніктер.

«Оған уайымдамай-ақ қойсын. Мен айтып кеттім ғой, 1 см жерді, Қазақстанның жерін ешқандай шетелдіктерге сатылмайды. Ол заң бойынша нақты тіркелген. 25 жылға жалға берілсе де, ол жер ешқандай шетелдік азаматтарға сатылмайды», — дейді Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

2014 жылы жерді шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға мәжбүр болдық дейді үкіметтегілер. Өйткені, 10 жыл ішінде инвесторлар шығынын ақтап үлгермейді екен. Ал, былтыр Ұлттық экономика министрлігі кодекске Қазақстан азаматтарына жерді аукцион арқылы сатып алуды парламентке бекіттіріп алған. Осы сәтте, жердің 25 жылға берілетіні анықталып, соңы дауға ұласып жатыр. Аукцион арқылы осындай 1 миллион 700 мың гектар жер ел азаматтарына сатылмақ.

«Бұрын әкім жерді аукцион арқылы сатыла ма, жалға жай бере ме, конкурс өткізе ме, оны өзі шешетін. Біз айтып отырмыз, міне, аукцион арқылы шығарыңдар. Қазақстандықтар өздері қатысып, өздері алсын деп отырмыз», — дейді Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

Жер туралы заңға енген осы өзгерістерді үкімет жұртқа дер кезінде дұрыс түсіндіре алмаған. Салдарынан жұрт жаппай наразылық білдіруде. Енді жер дауына сенат төрағасы да араласып отыр. Елдегі екінші адамның даулы тақырыпқа араласуына қарағанда, үлкен түсінбестік туғызған Жер кодексі қайта қаралатын сияқты.



Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий