Тәжікстан билігі сәуірдің соңында тәжік-қырғыз шекарасындағы қарулы жанжалда қаза тапқандар туралы ресми мәлімет таратты. Соғды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қақтығыста 19 адам мерт болып, 87 адам жараланды.
Тәжікстан зардап шеккендер туралы ресми мәліметті жанжалға бірнеше күн өткен соң жариялады, ал қырғыз тарапы қару қақтығыстың алғашқы күні-ақ мұндай мәліметті күнде ақпарат құралдарына таратып отырды.
Соғды облысы әкімдігінің хабарлауынша, қарулы жанжалда қаза тапқандардың отбасыларына жалпы көлемі 700 мың сомони (бір отбасыға 70 мың сомони) материалдық көмек берілген. Үкімет қаза тапқандар мен жараланғандардың отбасыларына көмек ретінде барлығы 3 млн сомони аударған.
Тәжікстанда шекарадағы жанжалда зардап шеккендерге арнап гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Жүздеген адам көмек берген.
Тәжікстан билігінің мәлімдеуінше, қарулы қақтығыс салдарынан 20 тұрғын үй мен әлеуметтік нысан бүлінді. Алайда, әлеуметтік желі қолданушылары дайындаған тізімде Чоркух ауылдық жамоатында 34 үй толықтай немесе жартылай қирағаны айтылды.
Тәжік-қырғыз шекарасында 28-29 cәуірде болған қарулы жанжал салдарынан ондаған адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды.
Қырғызстан билігінің мәлімдеуінше, шекарадағы қақтығыстан 36 адам қаза тапты, 189 адам жараланды.