Арнұр жарымен бірге. Фото: ikerim.kz
Осыдан 8 жыл бұрын бір қызды судан құтқармақ болғанда, мойын омыртқасын сындарып арбаға таңылған азамат Арнұр Ысқақов өміріне мән сыйлаған жарына алғыс білдірді. Жігіттің сүйіктісіне жолдаған хатын ikerim.kz сайты жария еткен.
«Габриэль Гарсиа Маркес «Адам дүние есігін анадан туған кезде ғана бір-ақ рет ашпайды. Өмір адамды қайта-қайта жаңадан тууға мәжбүрлейді» депті. Менің де қайта бір рет туылуыма әсер еткен оның махаббаты еді. Жаңадан ашылып жатқан @ikerim.kz әйелдерге арналған сайты арқылы өмірлік жарыма алғыс айтқым келеді», — деп сөзін бастады жігіт.
Арнұр әйелімен бірге бағы ашылғанын айтуда.
Арнұр жарымен бірге. Фото: ikerim.kz
«Міне бағымды ашқан өзіңмен танысқалы 14 жыл болыпты. Білесің бе, құдды кеше танысқандай көз алдымда. Алғаш дауысыңда естіген кезде-ақ, бір тылсым маған «Міне, сенің қосағың» дегендей белгі беріп, қолыма қалам алғызып еді. Құрбыларың бізді таныстырғанда, айтарға сөз таппай қалғанымды қойсаңшы!? Сірә, ғашықтың тілі деген солай болар? Сол кездегі лаулаған махаббат оты әлі күнге сөнбегені үшін Аллаға сансыз шүкірлік етемін! Білесің бе, мен сол кездерді қатты аңсаймын. Жастық шақтың қайнап тұрған кезін, өзіңмен өткен әр уақытты… Өзіңсіз 10 жыл сүрген өмір сүреңсіз еді. Қайта табыстырған тағдырымызды сызып берген Аллаға сансыз мадақтар болсын!», — дейді азамат жарына.
Жігіт хаты арқылы көкейінде жүрген ойларын ортаға салды.
Арнұр жарымен бірге. Фото: ikerim.kz
«Осы хат арқылы саған айтпай ішімде ғана сақталған сөздерімді жеткізгім келеді. Отау тігіп, шаңырақ құрған күннен бастап менің өмірім басқа арнамен ағатын болды. Еркіндікті ұғындырып, ер екенімді сезіндергенің үшін саған мың рахмет! Әрине, аяқтан тік тұрып сені алақанымда мәпелегім келеді. Кейде, сенің үй жұмыстарына жүгіріп, енді бір уақытта базардан артынып-тартынып келгеніңді көргенде, өзімді жек көре «Әттең-ай» деп саусағымды тістегеннен басқа амалым жоқ екеніне қынжыламын. Кілем қағып, жиһаздарды қозғауды я болмаса жарық лампасын ауыстырып беруді әкеме не бауырларыма өтініп жүргенің мына менің, еркектік намысымды өртеп-ақ, жібереді. Сүйіктім, осы істерді істей алмай, саған көмекші бола алмағаным үшін кешірім сұраймын!», — дейді ол.
Арнұр жан жарынан барлық қателіктері үшін кешірім сұрауда.
Арнұр жарымен бірге. Фото: ikerim.kz
«Сенің орның ерек, оны өзіңде білесің! Бірақ, қайталап айта беремін. Себебі, сені аз уақыт көрмесем сағынып тұрамын. Бір минут өзіңсіз өтпесе екен. Сенің тамағыңнан басқаны жегім де келмейді, өзің сияқты ешкім дайындай да алмайды. Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Тәубемнен асып, өзіңді бағаламай ренжітіп алатынымды білемін. Пенде болған соң ба, мына арбада отырғандікі ме, әлде намыстың жүйкені жеуінен бе екен, кейде сені өкпелетіп аламын! Ол әдейі емес, саған деген еркелік деп ұққайсың, Махаббатым! Сүйіктім, барлық қателіктерім үшін кешірім сұраймын! Сен мені шексіз сүйетініңді дәлелдеген жансың», — деп хатын аяқтады жігіт.